Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  президенті, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек және «Көк Ту» Қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ләззат Мүлазымоғлы қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қорғау, дамыту және жаю бойынша әріптестік орнату жөнінде  келісімге келді.

Бұл екі ел арасындағы меморандумның ең басты көздеген мақсаты Қазақ тілі мәртебесін өз елдерінің аумағында және шет елдерде арттырып, қазақ азаматтарының ана тілін ұмытпауына, жетілдіруіне және қазақ тілін үйренгісі келетін шет елдің азаматтарына үйренулері үшін жағдай жасай отырып, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту.

Меморандум аясында ұйымдар Қазақстан  мен Түркия Республикаларында және тағы басқа елдерде қазақ тілінің, мәдениетінің танытылуын, насихатталуын қамтамасыз етуге, екі елдің заңнамасына сәйкес рухани мәдениет саласында, ғылыми тәжірибелік іс-шаралар ұйымдастыруға, бірлесе отырып қазақ тілінің цифрлық әлемдегі арнасын кеңейтуге атсалысуға, ұлттық «рухани жаңғыру» мен жаҺандану жағдайындағы түркілік бірегейленудің лингвистикалық парадигмасын анықтауға,  Қазақ тілінің екі республикада және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына байланысты мемлекеттік, қоғамдық әртүрлі ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтарға, жеке азаматтарға бірлесе көмек көрсетуге,  түбі бір түркі халықтарының ертедегі және осы заманғы мәдениетімен, тарихымен, әдебиетімен, өнерімен, дәстүрімен және тұрмыс-салтымен таныстыруға, ғылыми-көпшілік басылымдар әзірлеп алмасуға, тіл мәдениетін дамытуға және лингвистикалық білімді жетілдіруге арналған шараларды жүзеге асыруға, ұрпақты тапқырлыққа тәрбиелейтін ұлттық ойын-сауықтар, түрлі салттық рәсімдер өткізуге, қажетті ғылыми-әдістемелік, оқу анықтамалық құралдар, бағдарламалар, сөздіктер, қазақ тілін өз бетімен оқып үйренуге арналған тілашарлар мен көрнекті құралдар шығаруға, қазақ тілін насихаттау мақсатында түрлі тәсілдер мен бұқаралық ақпарат құралдарын  кеңінен пайдалануға және өзара тәжірибе алмасуға келісті.

Бүгінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының еліміздің аумағында 39 филиалы бар. Қоғам  қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым болып табылады. Осы орайда шет елдердегі ана тіліміздің мәртебесін көтеруге мүдделі ұйымдардың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен Меморандумға отыруы ары қарай  ынтымақтастықты тереңдету және кеңейтуге бағытталған маңызды серіктестік болып саналады.

 

Please follow and like us:
Pin Share
Categories: ЖАҢАЛЫҚТАР

0 Comments

Добавить комментарий

Avatar placeholder
RSS
Follow by Email