Сөздік құрастырушылардың қазақ тілінің заңдылығын, өзіндік ерекшелігін жетік түсінбегені байқалады. Ол сөзтізбедегі сөздердің берілуінен де, арнайы белгілерден де аңғарылады. Мәселен, ғой етістігі шылау ретінде белгіленген: ғой (шыл.), айта ғой. Дұрысында, бұл – шылау  емес, көмекші етістік. Қой етістігінің құрамындағы қ дыбысы дауысты дыбыстан кейін ұяңданып, ғ түрінде естілгенмен, жазылуда қой нұсқасы сақталуы керек. Мұндай ерекшелік кет, қал, көр, т.с.с. қатаң дауыссыздардан басталған көмекші етістіктерге де тән: айтып көр – айта көр, қарап көр – қарай көр, барып қалды – бара қалды, т.с.с. Яғни қатаң дауыссыздар алдыңғы сөздің соңындағы дауысты не үнді дауыссыздардың ықпалымен ұяңданғанмен, жазуда ол ескерілмеуге тиіс.

Ережеде көретін-ді сияқты сөздің құрамындағы –ды/ді қосымшасы шылау деп берілген. Шынтуайтына келгенде, бұл ­– шылау емес, жедел өткен шақтың қосымшасы. Көретін еді, баратын еді сияқты тіркестердің құрамындағы е- көмекші етістігі қолданыста түсіп қалған да жедел өткен шақтың қосымшасы негізгі етістікке жалғанған. Сол сияқты -тұғын, -тын/-тін қосымшасы да кейде осылайша етістікке, есімдіктерге, т.с.с. жалғанады: келген-тін, барған-тын, адам-тұғын, осы-тұғын, бар-тұғын, т.с.с. Алайда жұрнақ шылауға айналып кете алмайды. Ендеше, ережені нақтылап, кем-кетігін түзеу қажет.

Сөздік құрастырушылар қазақ грамматикасында қалыптасқан жіктік жалғау деген атаулардың орнына оны жақтық жалғау деп атайды, жалқы есім дегеннің орнына жалқы атау тіркестерін берген, тұйық етістік, қимыл атауы терминдерінің орнына тұйық рай деген атауды қолданған. Бұрын «тұйық рай» деп аталып келген категория Қ.Неталиеваның 1963 жылғы диссертациялық жұмысынан кейін қимыл атауы, тұйық етістік деп аталып келеді (Неталиева К. Имена действия в современном казахском языке. – Алматы‚ 1963). «Кәсібі мен мамандығы жазумен байланысты, үнемі қаламмен жұмыс істейтін баспа және баспасөз қызметкерлерінің, білім мен ғылым саласындағы мамандардың, мектеп мұғалімдерінің, студенттер мен оқушы жастардың, өзге де жұртшылықтың пайдалануына арналған» сөздікті құрастырушылар тілдегі жүйені, норманы түсініп, тіл біліміндегі, қазақ грамматикасындағы өзгерістерді меңгеруі қажеттігі даусыз.

Профессор А.Ысқақов атау формада тұрғанда өзі арқылы заттың біреуін емес, жиынын топтап ия қамтып атайтын зат есімдерді көптік мәнді есімдер деп атап, оларға

  • сұйықтық атауларын (айран, шай, тұздық, т.б.);
  • газ тектес заттардың аттарын (бу, түтін, тұман, т.б.);
  • уақ, ұнтақ заттардың, ұйысқан майда заттар мен бытыранды, таранды, үгітінді заттардың атауларын (ұн, шаң, тозаң, бетеге, жусан, жүн түбіт, шаш, кірпік, жиде, алша, т.б.);
  • дерексіз ұғымдарды білдіретін заттардың атауларын (айла, ақыл, дау, қасірет, сүйеніш, шындық, т.б.);
  • өздігінен табиғи бөлшектенбейтін кесек заттардың атауларын (алтын, қола, құрыш, шойын, т.б.);
  • жаратылыс құбылыстарының атауларын (боран, жаңбыр, қар, жел, құйын),т.с.с. зат есімдерді жатқызады (Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 382 б.

           Зерттеушілер халық аттары (орыс, қазақ, өзбек, найман), хайуан аттары (жылқы, сиыр, арыстан, аққу), қосарлы дене мүшелерінің аттары (көз, құлақ, бүйрек, қол, аяқ), санауға көнбейтін заттардың аттары (құмырсқа, көбелек, қамыс, сұлы, шыбын), жинақтық ұғымды білдіретін сөздер (мал, ағаш, шөп) көптік жалғауын қабылдамайтынын айтады (Данияров А. Категория множественности в современном казахском языке. – Алматы‚ 1965).

Алайда сөздік құрастырушылар қазақ тілінің бұл ерекшелігін назардан тыс қалдырған. Сол себепті халық, топ атауларын көптік қосымшасымен берген: армяндар; ачелер (этнон.) ; ацтектер (этнон.) ;  баварлар; бамбаралар; баскілер (этнон.) ; берберлер; буряттар; варягтар; венгрлер;  гавайлықтар; гвинейліктер; голландтар; грузиндер; еврейлер; жапондар; исландтар;  испандар; йемендер; қарайымдар; қарлұқтар; қимақтар; құмықтар; қазақтар; қалмақтар; қарақалпақтар; күрдтер, т.с.с. Кейде көптік қосымшалы түрін сөзтізбеде жеке берген: ақнәсілділер; баскілер (этнон.); батысеуропалықтар; т.т. Сондай-ақ американец сөзінің баламасы америкалық, америкалықтар түрінде берілсе, итальянец атауы итальян, итальянға, итальяндар түрінде таңбаланған. Бұл тілдегі норманы игере қоймаған оқушыларды немесе қазақ тілін үйренгісі кеп жүрген жандарды шатастыратыны түсінікті.

Сонымен қатар мақұлық, жануар атаулары да көпше тұлғада берілген: аминодонттар (зоол.); афлатоксиндер (биол.); батрахозаврлар (зоол.); бацилдер (биол.); жарғаққанаттылар (зоол.); баскөкіректілер (зоол.); т.с.с.

Санауға келмейтін шыбын-шіркей, жәндік, бактерия атаулары да көпше тұлғада берілген: гетеротрофты ағзалар; ыдыратушы-ағзалар (биол.); желекқанатты жәндіктер; қосжұпаяқты жәндіктер; бауыраяқты моллюскілер; қансорғыш кенелер; қансорғыш масалар (зоол.); бауыраяқты моллюскілер; архебактериялар; кукумовирустар (биол.); аэробтар (биол.); гаплоидтер, гаплобактериялар, т.с.с. Бұл орайда сөздік құрастырушылардың Маса қаптап кетті. Далада шыбын бар ма? т.с.с. көпшілік қолданыстағы сөздерге мән бермегендері қайран қалдырады.

Өсімдік әлемінің атауларына да көптік қосымшасы жалғанған: алмұртшөптер (бот.); баданалы арамшөптер; жидеағаштар; қосүйлі өсімдіктер (бот.); бұталар (бот.); дәрілік өсімдіктер; дарагүлділер (бот.); даражапырақтылар (бот.); даражарнақтылар (бот.); баданалы өсімдіктер; балды өсімдіктер; қырықбуынтектес өсімдіктер; қалқанжапырақты ағаштар; қылқанжапырақтылар (биол.); қорғасыншөптер (бот.), т.с.с. Қазақ тіліндегі шөп шапты, гүл терді, гүл сыйлады, жеміс сатып алды, т.с.с. түрінде қалыптасқан нормалар орфографиялық сөздікте әбден бұзылғанын байқаймыз.

Көптік қосымшасының берілуінде бірізділік сақталмаған. Атаудың құрамындағы сөздер бірде бірге, бірде бөлек таңбаланған. Тіпті жинақтық ұғымды білдіретін топтар (отряд) да әркелкі берілген. Мысалы: қайың тұқымдасы;  қалақай тұқымдасы (бот.);  қияқ тұқымдас (бот.);  қоға тұқымдас;   кірпібас тұқымдасы;  кипарис тұқымдасы;  қыран тектес;   байсат туысы (бот.);  байсаттар (бот.), байсаттар тұқымдасы (бот.);  белдікгүлділер (бот.);  белдікгүлділер тұқымдасы;  дарақтәріздес;  адам тәрізді маймылдар (зоол.);  дауылпазтектестер (зоол.);  бұтақмұртты шаян тәрізділер (зоол.);  фагоцителлотәрізділер (биол.);  кивитәрізділер (құстар тобының отряды);  т.с.с.

Ауру атаулары, емдеу тәсілдері де көптік формада қолданылған: қантамыр аурулары;  бактериофагтармен емдеу (мед.);  клиникалық аурулар;  альгицидтер;  геотехнологиялық әдістер; гамма-тәсілдер; емдеу-профилактикалық шаралар;  т.с.с.

Дерексіз зат есімдерге де көптік қосымшасы жалғанған: мәліметтер базасы (инф.);  кіріс мәліметтері (инф.);   деректер базасы;  деректер жинақтамасы;  ағымдағы міндеттер;  жайттар;  ашылулар (терм.);  бүркеме-жадтар; флеш-жадтар;  мультимедиалық мүмкіндіктер; күмәнді борыштар (экон.); күмәнді талаптар (экон.);  т.с.с.

Қазақ тілінің нормасы бойынша, сұйықтық атаулары, газ тектес заттардың аттары, уақ, ұнтақ зат, ұйысқан майда зат, бытыранды, үгітінді зат атаулары,  бөлшектенбейтін кесек заттардың атаулары, жаратылыс құбылыстарының атаулары, қосарлы дене мүшелерінің аттарына көптік қосымшасы жалғанбауы керек. Алайда сөздік құрастырушылар бұларға мән бермегенге ұқсайды: гейзерлік булар;  қышқыл сулар (геол.);  лимонадтар;  гистологиялық бояғыштар;  қостұздар (хим.);  қалдық радиациялар;  қалдықтар (экол.);  қағазқалдықтар (макулатура);  алюмсиликаттар;  кіржуғыш ұнтақтар;  ванадаттар (хим.);  мұхиттық ағыстар;  құрыш қолдар;  галопелиттер (геол.), т.с.с. Тіпті егіз сөзі де көпше тұлғада (егіздер) берілген.

Қазақ тіліндегі нормаға сәйкес қосарланған қос сөз жинақылық ұғымды білдіреді (Маманов Ы. Қазақ тіліндегі көптік форма // Қазақ тілі мен әдебиеті. – Алматы‚ 1973. – 2-шығуы. – 31-36-б.). Сондықтан қосарланған қос сөздерге көптік қосымшасы жалғанбауы керек. Алайда сөздік құрастырушылар ол заңдылықты да ескермеген: салт-дәстүрлер: ақын-жазушылар;  құрал-саймандар тақталары (инф.); бай-құлақтар;  бай-шонжарлар;  ядролық оқ-дәрілер;   т.с.с.

Сөздіктегі ағаттықтың көбі орыс тіліндегі нормаға сай берілгеннің салдарынан туындаған. Орыс тілінен калька аударманың нәтижесінде пайда болған  текущий сөзінің баламасы қазақ тіліне ағымдағы ретінде беріліп жүр. Алайда тіл мамандары қанша байбалам салып, мұндай баламалар қазақ тіліне жат екенін айтқанмен, сөздік құрастырушылар бұған да мән бермеген сыңайлы: ағымдағы, ағымдағы есепшот;  ағымдағы жөндеу;  ағымдағы жыл;  ағымдағы кезең;  ағымдағы міндеттер;  ағымдағы нұсқау;  ағымдағы шығын (экон.); ағымдағы іс. Тілімізде биыл, осы жыл, т.с.с. бірнеше балама болғанмен, сөздікте орыс тілінен калька түрінде аударылған ағымдағы жыл; үстіміздегі жыл, т.с.с. қате аудармалар берілген. Сол сияқты бизнес-класс сөзінің баламасы ретінде берілген бизнес-сынып, бизнес-сыныбы сөзі де қате баламалар қатарына жатады. Сынып сөзі қазақ тілінде мектепке қатысты қолданылатыны белгілі.

Сөздік құрастырушылар қазақ тілінде апырай, апырау, апырмау, апырмай, япырмай, япырмау, ойпырмай, ойпырмау, т.с.с. түрде кірігіп кеткен сөздерді апыр-ай (од.); апыр-ау (од.); апырым-ай (од.); апырым-ау (од.); япыр-ай; япыр-ау; япырым-ай; ойпыр-ай; ойпырым-ай; ойпырым-ау түрінде, шылаулардың арасын дефиспен ашып береді. Дұрысында, мұндай кіріккен сөздердің арасы ашып көрсетілмеуі керек. Екіншіден, сөздің жігін дұрыс көрсететін болсақ, а, пірім-ай; а, пірім-ау; а, пір-ай; а, пір-ау; йә, пір-ай; йә, пір-ау; йә, пірім-ай; йә, пірім-ау; ой, пірім-ай;  ой, пірім-ау (Байтұрсынұлы Ақымет Емле туралы //Еңбекші қазақ. – 1929, 27 наурыз) болады. Халық әндерінде, ақын-жазушылардың тілінде япырмау, япырай, апырмай, т.с.с. түрде кіріккен түбір ретінде беріліп келе жатқан одағайларды енді дефис арқылы жазғаннан не ұтамыз? Әрі бұл одағайлардың басын да, ортасын да өзгертпей, соңындағы шылауды ғана ажыратқан дұрыс бола ма? Пір сөзінің үлгісімен қазақ тілінде жиі қолданылатын Алла, Құдай сөздерін а, Аллам-ай; а, Аллам-ау; а, Алла-ай; а, Алла-ау; а, Құдайым-ай; а, Құдайым-ау; а, Құдай-ай; а, Құдай-ау; т.с.с. түрде беруіміз керек пе? Алла, Құдай сөздерінің түрлі қолданыстарын таратқаннан гөрі пір сөзінен жасалған одағайлардың түбірін көрсетіп, шылауын жеке бермей-ақ кіріккен одағай ретінде берген жөн.

Сөздікте жергілікті өңірге тән одағай (әкәу) берілген. Дұрысында, бұл әке-ау түрінде жазылуы керек. Себебі ол басқа нұсқаларда да (әкем-ау, әкесі-ау) кездеседі. Ол кіріккен одағайға жатпайды. Сондықтан мұнда тілдегі жүйені сақтап, түбір мен шылаудың арасын ажыратып, дефис арқылы жазған дұрыс.

Сөздікте біріккен сөздер қос сөз ретінде берілген тұстар кездеседі: аяқ-қапсыз; аяқ-қаптай; бетперде (маска); бет-перделеу; кіш-міш (жүзім); т.с.с. Аяққап, бетперде сөздері реестрде дұрыс берілгенімен (аяққап (этн.), аяққабы; бетперде (маска)), сол сөздің қатысуымен жасалған тілдік бірліктер (аяқ-қапсыз; аяқ-қаптай; бет-перделеу) қос сөз ретінде берілген. Біріккен сөздер қандай қосымша жалғанса да, қос сөзге айналып кете алмайды. Бұл да ­қазақ тілінің жүйесіне нұқсан келтіріп тұр. Қазақ тілінде, түркі тілдерінде де мейіз атауы бола тұрып, кишмиш түріндегі сөзді қос сөз ретіндегі берудегі мақсатты түсіне алмадық.

Көпшілік соңғы жылдары сөздікке енгізіліп жатқан өзгерістерге наразылығын айтып жүр. Нақты өзгерістерді сараптау үшін академик Рәбиға Сыздықова редакторлық еткен 1988 жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» мен профессор Нұргелді Уәлидің редакторлығымен 2013 жылы жарық көрген сөздіктерді салыстырайық.

Академик Рәбиға Сыздықова редакторлығымен (1988) Профессор Нұргелді Уәлидің редакторлығымен (2013)
жалаң аяқ

жалаң аяқтану

жалаң бас

жалаң бастану

жалаң бұт

жалаң қабат

жалаң сөз

жалаң төс

жалаңаяқ

жалаңаяқтық, жалаңаяқтығы

жалаңбас

жалаңбастану

жалаңбұт

жалаң қабат

жалаң сөз

жалаң төс

бас киім

аяқ киім

сырт киім

тыс киім

іш киім

іш көйлек

баскиім

аяқкиім

сырткиім, сырткиімі

тыскиім, тыскиімі

ішкиім

ішкөйлек

ақ сабын

алқынды сабын

иіс сабын

кір сабын

қара сабын

ақ сабын

алқынды сабын

иіссабын, иіссабынға

кірсабын, кірсабынға

қара сабын

шай қасық

ас қасық

бал қасық

қалайы қасық

шайқасық, шайқасығы

асқасық, асқасығы

балқасық, балқасығы

қалайы қасық

Мақаланың көлемі көтере алмайтындықтан, қысқаша беруге тура келді. Кестеден көріп отырғанымыздай, 2013 жылғы сөздікте бірге, бөлек жазуда жүйелілік сақталмаған: жалаңаяқ; жалаңбас; жалаңбұт сөздері бірге жазылғанмен, жалаң қабат; жалаң сөз сияқты бірліктер бөлек жазылған. Екеуі де анықтауыштық қатынасқа құрылғандықтан, бір модель бойынша жазылуы керек еді. Оның нақты себебін жазарман да анықтай алмайды. Себебі редактордың сөзінде ол жайында айтылмаған.

Кітаптың соңындағы ережеде: «§ 21. Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты, құбылысты, ұғымды атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге, кімге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзге заттардан ажырататын белгілерін білдірсе, олар бөлек жазылады, мұндай күрделі тіркестердің алдыңғы сөзі анықтаушы, соңғысы анықталушы болып келеді. Мысалы: ағаш күрек, сұрпы ет, ұл бала, қыз бала, мысық мұрт (жігіт), ала бұлт», – делінгенмен, соңындағы ескертуде: «Анықтаушы-анықталушы қатынастан ажырап, бір заттың атауы болып кеткен сөздер бірге жазылады: беторамал, қолорамал, асқасық, шайқасық, кірсабын, иіссабын, ішкиім, ішкөйлек, кіреберіс, шығаберіс, қолайна, қолара т.б.», – деп жазылған.

Алайда, шынтуайтына келгенде, сөзтізбедегі ағаштарақ сөзі тарақтың ағаштан жасалғанын, теміршар сөзі шардың темірден жасалғанын, тегін білдіреді. Олардың жез құман, темір күрек, темір қазық, қалайы қасық, күміс теңге сияқты тіркестерден қандай айырмашылығы бар? Олар да заттың неден жасалғанын білдіріп тұр ғой. Сөздікке сүйеніп, дұрыс жазғысы келген оқушы қай кезде бірге, қай кезде бөлек жазу керек екенін қалай ажыратуы керек?  Сөздікте ағашаяқ (ыдыс), ағашаяқ (протез) бірге жазылғанмен, ағаш балға; ағаш ине; ағаш кереует; ағаш оқ; ағаш соқа; ағаш тостаған; ағаш төсек; ағаш тұғыр; ағаш тырма; ағаш үзеңгі; ағаш үй; ағаш шелек (көне), т.с.с. бөлек жазылған. Ағашаяқ (ыдыс) бірге жазылғанда ағаш тостаған; ағаш шелек не себепті бөлек жазылады? Бәрі де ағаштан жасалған ыдысты білдіреді ғой. Не себепті екі түрлі жазылуы керек? Ал шайқасық, асқасық, балқасық, беторамал, қолорамал сияқты сөздер заттың неге, кімге арналғанын білдіріп тұр. Кейде бал қасық дегеннің орнына кішкене қасық, ас қасық дегеннің орнына үлкен қасық деп те жатады. Осыдан-ақ анықтауыштық қатынас анық көрініп тұр емес пе? Ендеше, бұл сөздердің бәріне арнайы ескертудің қажеті қанша? Бұл орайда академик Р.Сыздықтың төмендегі тұжырымдары басшылыққа алынуы керек: «Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзгелерінен ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады. Мысалы: ағаш шот (ағаштан жасалған шот), ат қора (атқа арналған қора), жел диірмен (желмен жұмыс істейтін диірмен), жол азық (жолда жеуге арналған азық), май шам (маймен жанатын шам), шай қасық (шай ішкенде жұмсалатын қасық), кір сабын (кір жууға арналған сабын), ат арба (ат жегілген арба), сары май (сары түсті май), бет орамал (бет сүртуге арналған орамал), т.б.» (Рәбиға Сыздық Қазақ тілінің анықтағышы. – Астана: Елорда, 2000. – 37-б.).

Төр, төр жақ; төргі жақ; сол, сол жақта сияқты бірліктер бөлек жазылғанда не себепті оң жақ (оңжақ (этн.), оңжағы) бірге жазылуы керек? Әрине, оң жақ тіркесінің ұлттық сипатты мәні бар екені белгілі, ал сол жақ немесе төр жақ сияқты тіркестерде ондай мән жоқ па? Екіжақты, көпжақты сөздері бірге жазылғанда (көпжақты, көпжақты келісім; екіжақты, екіжақты қатынастар, екіжақты мәміле),  үш жақты; төрт жақты тіркестері не себепті бөлек жазылады? Әлде үш жақты немесе төрт жақты келісім болмай ма?

Сөздікте анықтауыш пен анықталушы сөздердің тіркесі де түрліше берілген: айыптұрақ; жеделсаты; айырөркеш; айырсадақ; айыртұяқ; ауызтіл; ауызбөлме; ауызүй; аспабесік, аспабесігі; аспашам; аспакөпір, аспакөпірі; будиірмен, будиірменге; буқазан, буқазанға; буқұбыр, буқұбыры; т.с.с. сөздер бірге жазылса, дорба ауыз; жез құман; жез бұйдалы; айыр бота; айыр түйе; айыр көмей; айыр сақал; ағаш шеге (көне); ақ сырық мылтық; аспа жол; т.с.с. бірліктер бірге жазылған. Яғни, бір модельге жататын бірліктер түрліше жазылған. Аспа жол бөлек жазылса, аспакөпір неге бірге жазылатыны түсініксіз. Сол сияқты шет жақ; шет жер; шет мемлекет; шет пұшпақ; шет тіл сөздері бөлек жазылса, шетел; шетаймақ сөздері бірге жазылған. Анықтауыштық қатынасқа құрылған, біріздендіруді қажет ететін бір модельдегі сөздер сөздікте өте көп:

Бөлек жазылған: Бірге жазылған:
арам ниет

арам ниетті

арам ой

арам ойлы

адал ниет

арампиғыл

арампиғылды

ақниет, ақниет тілекпен

ақниетті

аланиет, аланиет адам

ақниет

айыр бота

айыр түйе

айыр көмей

айыр сақал

айырқұйрық

айырмүйіз

айырөркеш

айырсадақ

айыртұяқ

ел ағасы

жігіт ағасы

жолағасы

қосағасы

отағасы

төрағасы (көне)

аша мүйіз ашасүйек

ашатұяқ

жатын, жатын орын

жәрдем ақша

жиделі байсын (114-б.)

жеті қат жер асты (367-б.)

жолдама құжат  (272-б.)

жүк мәшине (279-б.)

құл, құл иелену (388-б.)

құлқын сәрі (389-б.) 

бірүйлі өсімдіктер  (188-б.) 

қисық табан (етік)

биік өкше етік 

қан сәске

қатын бесін (мезгіл)

қол бөгеу

қыр асты

тартпа айыл

тұрғын ел

тұрғын үй

үлгі жоба

үлгі норма

жорық дорба

жан даусы

жолдама құжат 

жатынүй (ұйықтайтын бөлме)

жәрдемақы

жиделібайсын жер (270-б.)

жерасты, жерасты суы  (268-б.)

жолдамақағаз

жүккеме  (279-б.)

құлиелену (389-б.) 

құлқынсәрі (389-б.) 

үйлік: бір үйлік (610-б.)   

жайтабан, жайтабан етік

қиықсәске

қожабесін (көне)

қолбайлау, қолбайлау болу

қолбайлаушылық, қолбайлаушылығы

жерасты

тартпабау (этн.)

тұрғынжай

үлгіқалып, үлгіқалыбы

үлгінұсқа

қолдорба

атдорба

жанайқай

жолдамақағаз

ит ырқылжың итәуре, итәуреге түсу
екі аралықта екіортада, екіортада келіп қалу

екіарада, сол екіарада

жалғыз ауыз сөз

жалғыз атты

жалғызаяқ, жалғызаяқ жол

жалғызбас, жалғызбас жүру

Редактордың сөзінде «атаулық мән алған және жұрнақ жалғану арқылы бір ұғымды білдіретін сөзге айналған тұрақты тіркестердің бірге жазылуы көрсетілгені» жайында айтылады. Алайда мұнда да бірізділік байқалмайды: иттіс, қашаутіс сөздері бірге жазылғанмен, ақыл тіс; азу тіс; ат тіс (күректей, үлкен тіс); қой тіс; ұры тіс; жұлқар тіс; күрек тіс; қабан тіс; қасқа тіс; қашау тіс; т.с.с. бөлек жазылған. Қашау тіс сөзі 371-бетте біресе бірге, біресе бөлек жазылған. Қай кезде бірге, қай кезде бөлек жазылатыны көрсетілмеген, мысал, т.б. берілмеген. Сөздікте алашапқын сөзі бірге жазылғанмен, ала дүбір тіркесі бөлек жазылған. Шаршытоп сөзі бірге жазылғанмен, алқа топ сөзі бөлек жазылған, алақап сөзі бірге жазылғанмен, ала дорба тіркес ретінде бөлек жазылған. Бір ұғымды білдіруде қатар қолданылып жүрген бәйге, жарыс сөздерінің тіркесуімен жасалған бірліктердің таңбалануы да әркелкі:  атбәйге; атжарыс; түйежарыс; атанжарыс бірге жазылса,  айналма бәйге; аламан бәйге бөлек жазылған; құнанбәйге; құнанжарыс бірге жазылса, дөнен бәйге бөлек жазылған; жаяу бәйге бөлек жазылса, жаяужарыс; қаражарыс бірге жазылған;  бәйгеалаң бірге жазылса, бәйге төбе бөлек жазылған.

Академик Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышында»: «§46. Түбір күйінде компоненттері бір-бірінен бөлек жазылатын анықтауышты тіркестер мен тұрақты тіркестерге етістік не есім тудыратын жұрнақтар жалғанғанда да сөздердің бөлек жазылуы сақталады, бұлар күрделі етістік немесе күрделі сын есім қатарына жатады. Мысалы: ақ таңдақ (жер) – ақ таңдақтану (жер ақ таңдақтанып жатыр), қара барқын – қара барқындану, іш құса (болу) – іш құсалық, темір жол – темір жолдық (құрылыстар), ортан қол – ортан қолдай (жігіт), көп бала – көп балалы (отбасы), жоғары сапа – жоғары сапалы, шала сауат – шала сауатты, мал дәрігері – мал дәрігерлік, көп ұлт – көп ұлттық, көп жыл – көп жылдық (еңбек), ұсақбуржуазия – ұсақ буржуазиялық», – дегенімен (38-б.), 2013 жылғы сөздікті құрастырушылар бұл қағидатқа мән бермеген. Сол себепті сөздікте бір модельге тән бірліктер түрліше берілген:

біріктірілген тіркестірілген қосарланған
астықжақсартқыш (егіншар.)

астықкептіргіш (тех.)

асфальтқыздырғыш

асфальттөсегіш

әксөндіргіш

балықөткізгіш

бояутозаңдатқыш

бояуүккіш

бөренетасығыш

буқозғалтқыш

буөлшегіш

бусалқындатқыш (тех.)

бұрандакескіш

бұтакескіш

вафлипісіргіш

вирустасығыш

газанықтағыш

газқыздырғыш

газтазалағыш (мәшине)

жантыныштық

ауыстырып қосқыш

сөз байлатқыш

бактерия жайғыштық

әскерге шақырылушы

әріп теруші

бағыт беруші

бала мінезді

арыстан жалды

тоқпақ жалды

сал бөкселену

заң бұзушы

иман жүзді

кем несібелілік

кең жауырынды

кең ойлы

кепіл беруші (заң.)

кепіл ұстаушы (заң.)

көз байлаушы

көз жеткісіз

көз көрмес

ашық-жарқындық

әкей-үкейлесу

әкей-үкейлеу

аяқ-табақ, аяқ-табағы

аяқтабақсыз

аяқтабақты

бақ-талайсыздық, бақ-талайсыздығы

бала-шағалы

бала-шағасыз

бет-перделеу

дел-салдық, дел-салдығы

қант-шайлық, қант-шайлығы

Сөздік құрастырушылар жарыса қолданылып жүрген нұсқалардың қате түрін тұрақтандыруға, қалыптандыруға (кодификациялауға) тырысатын сыңайлы. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдар келтірейік. Мәселен, сөздікте кірпікшешен, кірпішешен түрінде жарыса қолданылып жүрген сөздердің кірпікшешен (зоол.), кірпікшешенге нұсқасы берілген де кірпішешен түрі мүлде берілмеген. Алайда халық қолданысындағы, сөздіктегі кірпіше; кірпі, кірпі қабақ; кірпі шаш; кірпіше; кірпішөп (өс.); кірпібалық, кірпібалығы; кірпібас, кірпібас тұқымдасы; кірпідей, кірпідей жиырылу; кірпілену, кірпіленбеу, кірпіленген; т.с.с. сөзқолданыстардан жарыса қолданылып жүрген сөздердің дұрысы кірпішешен екенін аңғаруға болады. Сөздік құрастырушылардың бұған не себепті мән бермегендері түсініксіз. Сол сияқты алай-дүлей, алай-түлей сөздерінің дұрыс нұсқасы ретінде алай-түлей нұсқасын ғана береді: алай-түлей, алай-түлей болу, алай-түлей боран; алай-түлейлену, алай-түлейленбеу, алай-түлейленген. Яғни сөздікшілер сол нұсқаны тұрақтандыруға тырысқан. Алайда көпшілік қолданыста, тіпті сөздіктің өзінде де қос сөздің сыңары түлей емес, дүлей түрінде болуын айғақтайтын дәйек көп. Оны дүлей сөзінің тіркесімділігі, қолданысы, сөзжасамдық ұясынан да көруге болады: дүлей, дүлей боран; дүлей күш; дүлейдей; дүлейлену, дүлейленбеу, дүлейленген; дүлейлік, дүлейлігі. Ал түлей нұсқасын мұнымен салыстыруға келмейді. Сол сияқты сөздікте айырылу; айырылыс, айырылысы; айырылыс қазан (этн.); айырылысу, айырылысса; айырым, айырымы, айырым белгі (лингв.); айырысу, айырысса, есеп айырысу; т.с.с. сөздердің бәрінде й мен р-дың арасында ы әрпі бар екені анық көрсетілсе, айрық, айрығы, айрық жол; жолайрық, жолайрығы сияқты сөзтізбеде ы әрпінсіз таңбаланған. Сөздікті пайдаланушылар әр сөзді сөздіктен қарап отырмаулары керек. Сөздер қазақ тілінің жүйесіне, заңдылығына сәйкес бірізділікпен берілуге тиіс. Тілдегі жүйені түсінген жазарман сөздікке қарамастан-ақ жазып дағдылануы тиіс. Алайда 2013 жылғы сөздіктен ондай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Сөзтізбенің берілуінде бірізділік сақталмаған. Есім сөздерде тәуелдік жалғауы негізінен зат есімдердің реестрінде берілгенмен, зат есімдер немесе затсымақтанған сөздер тәуелдік жалғауынсыз берілген тұстары, тәуелдік жалғаулы сөздің жеке берілген тұстары, барыс септігі мен табыс септігі жалғанған позициясы, зат есіммен бірге сын есім ретіндегі қызметі қатар берілген кездері көп кездеседі: бейіт, бейіт (сөз не себепті екі рет сол қалпында берілгені түсініксіз); бар-жоқ; бар-жоғы, бар-жоғы осы-ақ (бар-жоқ нұсқасы жеке, бар-жоғы нұсқасы жеке берілу себебі түсініксіз); бекініс; бөтелке; егеу; жая; зыңыл; керней; кітапхана; қаңқыл; серт; тұз; тыл; тыным (бұл сөздердің түрленуі көрсетілмей, не себепті жеке берілгені түсініксіз); мауқы, мауқын басу (не себепті тәуелдеулі тұлғасы ғана берілгені түсініксіз); ақ халаты (тәуелдік тұлғалы сөздің ақ халат нұсқасынан кейін үтірмен берілмей, арнайы берілуінің себебін түсіне алмадық); фьючерс (экон.), фьючерстік келісімшарт (сын есім не себепті зат есімнің сөзтізбесінде берілгені беймәлім); ақмұрт (тағам), ақмұртқа, ақмұртты; алақұрт (ою-өрнек), алақұртқа, алақұртты; алақұрт (ою-өрнек), алақұртқа, алақұртты (сөздік құрастырушылардың алақұртты сөзін қалай сипаттап отырғандары түсініксіз; сөздіктегі зат есімдердің берілуін басшылыққа алсақ, тәуелдік жалғаулы түрі берілуі керек, онда алақұрты болуы тиіс; ал бұл жердегі берілуі табыс септігі жалғанған түрі ме, қатыстық сын есім жасалған түрі ме, – түсініксіз); зат есімді қатыстық сын есім арқылы сипаттау (былқылдақтық, былқылдақты); сын есімді зат есім арқылы сипаттау (серіппелі, серіппелігі; әйелшіл, әйелшілігі), т.с.с. Не себепті олай берілгені редактордың кіріспе сөзінде де көрсетілмеген.  

Соңғы дыбысы [й] дауыссызына біткен етістіктерге көсемшенің жуан түрі қалай жалғанатыны бастауыш мектепте оқытылады. Кейін дағдыланып алған балалар үшін ол көп қиындық тудыра қоймайды. Алайда орфографиялық сөздікті құрастырушылар үшін бұл позиция ауыр тиген сыңайлы. Себебі сөздікте я әрпінің орнына біресе й, біресе и әріптерін жазған: ақыраю, ақырай, ақырайады, ақыраюы; аржию (сөйл.), аржи, аржиады, аржиюы; қалбию, қалби, қалбиады, қалбиюы, т.т.

Сөздік құрастырушылар кейі етістігінің соңындағы –і сөзжасамдық қосымшасын түсіріп тастап, соңғы дыбысы [й] дауыссызына біткен етістіктердің қатарында түрлендірген. Нәтижесінде кейіуі болып жазылуға тиіс сөз кеюі болып шыққан: кею, кейі, кейиді, кейиін, кеюі (дұрысында  кейіу, кейі, кейійді, кейійн, кеійуі болуы тиіс қой!). Сол сияқты Басыңды ій деген сөйлемдегі ій сөзін де, Сиыр ійіді дегендегі ійі сөзін де жалғыз и әрпінен бастап: ию, и, иеді, иді, иіп, иген, иейін, июі; ию, иі, ииді, ииін, иіді, иіген, иіп, июі түрінде жазған. Сөз басында дауысты и дыбысының екі рет қайталануы (ииді, ииін) қазақ тіліндегі жүйеге қайшы.

Сөздікте екі дауысты қатар келген біріккен сөздер көп кездеседі. Шет сөздерді алмағанның өзінде қазақ тіліндегі сөздердің өзі екі түрлі берілгенін көреміз:

Түсірілген: Түсірілмеген:
а/а: қарала, қарала үйрек

қарғауыз (құрал), қарғауызға

алтыбақан, алтыбақан алауыз

алмаағаш, алмаағаш бағы

дараауыз, дараауыз мылтық

араағайындық, араағайындығы; бақаауыз, бақаауыз ағаш; батааяқ (этн.), батааяғы; босағааттар (кәде); т.т.

ы/а: алтатар (мылтық)

алтаяқ (әдеб.), алтаяғы

алтаяқ (киіз үйдің түрі), алтаяғы

алтаяқты (әдеб.)

саптаяқ, саптаяғы

саптаяқтай

қандағаш (өс.)

жақсат (абырой), жақсат бермеу; жақсатты, жақсатты болу

дауыстыаралық (лингв.); жалпыадамзаттық; қандыауыз (озбыр); салпыауыз; салпыауыздық; сарыағаш (өс.); сарыала, сарыала қаз; сарыандыз (өс.); сарыатан (үлкен атан түйе), сарыатанға; сарыауыз, сарыауыз балапан; қандыауыз (озбыр); сатыағаш; ұйқыашар(этн.), ұйқыашарға; шыбыртқыаяқты, шыбыртқыаяқты жәндіктер; шыбыртқыаяқтылар (зоол.); шыныаяқ, шыныаяғы; т.т.

Кестеге қарап отырып, құрастырушылардың екі дауыстының бірін түсіріп тастаудағы ұстанымын анықтау өте қиын. Ережеде: «§22. Күрделі сан есімдердің, күрделі сын есімдердің әрбір сөзі бөлек жазылады», – делінгенмен, қараала (этн. зерг.); қараала (этн. тамақ) деген сөздерде бірге жазылған. «Бұл сөздер затсымақтанып, бір ұғымды білдіретіндіктен, бірге жазылған» демек болсақ, қарала, қарала үйрек дегенде мүлде кіріктіріліп, екі дауыстының бірі түсіріліп жазылған. Қара сөзінің ұясында қара ала  тіркес түрінде бөлек жазылған. Сонда қарала, қарала үйрек пен қара ала тіркесінің айырмашылығы қандай екенін жазарман қалай біледі? Ал тура сол модельдегі сарыала, сарыала қаз дегенде не себепті екі дауысты да жазылғаны түсініксіз.

 «Қанды балақ, қанды көйлек (жолдас), қанды бас (қанды басың кері тарт) деген модельді негізге алып, қанды сөзі тіркескен сөзінен бөлек жазылады» деген тоқтамға келмек болсаңыз, қандыауыз (озбыр); қандықол, қандықол қарақшы бірге жазылған. Бас та, қол да, ауыз да – дене мүшелері, не себепті әртүрлі жазылуы керек? Ал қандағаш (өс.)дегенде қатар келген екі дауыстының алғашқысы түсіп қалған. Сын есіммен тіркескен зат есімдердің құрамындағы қатар келген екі дауыстының қай кезде түсіп қалатынын түсіну өте қиын. Жақсат (абырой), жақсат бермеу; жақсатты, жақсатты болу; саптаяқ, саптаяғы; саптаяқтай дегенде сын есім мен зат есімдердің аралығындағы дауысты ы дыбысы түсіп қалған, ал салпыауыз; салпыауыздық; сарыағаш (өс.); сарыандыз (өс.); сарыатан (үлкен атан түйе), сарыатанға; сарыауыз, сарыауыз балапан дегенде не себепті түсірілмей жазылады? Ортақ ұстаным болуы керек қой.

Сан есімдермен біріккен сөздерді де қалай жазу керектігін анықтау мүмкін емес. Себебі екі ара; екі аралықта; алты айлық; алты айшылық жер; алты алаш (көне); алты қанат үй; алты құлаш ақ найза; алты қырлы; алты сан алаш (көне); жеті, жеті ағайынды; жеті ата; жеті ғалам; жеті тоғыз (этн.); жеті түнде; жеті шәріп (діни); т.т. тіркестер бөлек жазылса, екіағайынды (ақпан); екіарада, сол екіарада; екіаяқты, екіаяқты арба;  екіжақты, екіжақты қатынастар; екіжақты мәміле; екіжақтылық, екіжақтылығы; екіжүзді, екіжүзді адам; екіжүзділік, екіжүзділігі; екіқабат, екіқабат әйел; жетібасты, жетібасты жалмауыз; т.т. бірге жазылған. Келтірілген мысалдардың ішінде біріккен сөздердің ешқайсысында қатар келген екі дауысты түсірілмей (екіағайынды (ақпан); екіарада, сол екіарада; екіаяқты, екіаяқты арба) жазылса, алтатар (мылтық); алтаяқ (әдеб.), алтаяғы; алтаяқ (киіз үйдің түрі), алтаяғы; алтаяқты (әдеб.); т.т. екі дауыстының алғашқысы түсіріліп жазылған. Бақаауыз, бақаауыз ағаш дегенде екі дауысты да түсірілмей, қарғауыз (құрал), қарғауызға дегенде не себепті түсіп қалғанын түсіну қиын. Реестрде алаауыз; алаауыздық (терм.), алаауыздығы түрінде, екі дауысты да түсірілмей жазылған сөз не себепті тіркес құрағанда өзгеріп, бір дауыстысы түсіп қалатыны (алауыз болу; алтыбақан алауыз) да түсініксіз. Мұны қазақ тіліндегі жүйені, норманы түсінбейтін адам түгілі, арнайы зерттеп жүрген мамандар да түсінбейтіні, тіпті сөздік құрастырушылардың өздері де түсіндіре алмайтыны белгілі.

Жазарман қажет сөзін тез тауып алуы үшін орфографиялық сөздікте әліпбилік рет қатаң сақталғаны жөн. Алайда құрастырушылар оған да көп мән бере қоймаған сыңайлы:

айшықталу

ашықтану, айшықтанбау, айшықтанған

ашықтасу, айшықтасса

айшықтату

әскери, әскери атақ

әскери ант

бәледей

бөртісу

бөріауыз (кәс.),бөріауызы

бөртік, бөртік тары ботқа болмас

былғату

былғасу

Соған байланысты бір сөздің бірнеше рет кездесетін тұстары да орын алған. Мысалы:

адасу, адасса

адасқақ, адасқақ болу

адасқыш

адастыру

адастырушы

адасу, адасса

адасушылық, адасушылығы

саба, саба қарын

сабаяқ (энтог.),сабаяғы

сабағат, сабағат салу

сабашы

сабаяқ, сабаяғы

қайту, қайт, қайтті, қайтеді, қайтсе,

қайтіп, қайткен, қайтейін, қайтуі

қайтым, қайтымы тез

қайтымды, қайтымды валюта

қайтымды киноүлдір

қайтымдылық, қайтымдылығы

қайтымсыз, қайтымсыз процесс

қайтыс, қайтыс болу

қайтіп      

қайшы, қайшы келу, т.т.

Сөздерді тасымалдаған кезде де ағаттықтар орын алған:

премьер-министр, премьер-минис-

трге, премьер-министрі

шевиот (мата), шевиотқа, шеви-

оты

эмбрион (биол.), эмбрионға, эмбри-

оны

амфитеатр, амфитеатрға, амфите-

атры, т.т.

Ережеде: «Сөз ішінде үш дауыссыз дыбыс қатар келгенде, алдыңғы жолда екі дауыссызды қалдырып, келесі жолға үшінші дауыссыз дыбыс әрпін шығарып тасымалдау керек. Мысалы: құмырс-қа (құмыр-сқа емес), күңгірт-теу (күңгір-ттеу емес), жаңғырт-ты (жаңғы-ртты емес)», – делінгенмен, сөздіктегі премьер-минис-трге сөзінің тасымалдануы бұл қағидатқа кереғар.

Мақаланы жазудағы негізгі мақсатымыз – 2013 жылы жарық көрген сөздіктегі ағаттықтарды көрсете отырып, ойымызды ортаға салу, болашақ сөздіктерде осындай олқылықтарды жібермеуге шақыру. Кейінгі сөздіктерде жазарман үшін қиындық келтірмейтіндей етіп, бір модельдегі сөздерді біркелкі жазу, екі түрлі жазылатын сөздердің себебін көрсетіп, нақтылау қажет. Зерттеушілер арасында пікір алалығын тудырып жүрген сөздерді дұрыс жазу ұстанымы нақтыланғанша сөздікте бермеу керек. Сөздерді біріктіріп жазуға әуестеніп кетпей, жаңа сөздер тіркесу арқылы да жасалатынын ескеру қажет. Сөзтізбеге сөйлеу тіліне тән, жазуда қиындық келтіре қоймайтын сөздер, түрленімі көрсетілмеген шеттен енген атаулар көп берілмеуі тиіс. Қазақ тіліндегі норма, дұрыс жазу, кодификация мәселесін жан-жақты зерттеген, практиканы теориямен ұштастырған академик Рәбиға Сыздықтың ұстанымдарын ескеру қажет-ақ!

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы О.Жұбай

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы А.Салқынбай

Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Б.Қапалбек

Please follow and like us:
Pin Share
Categories: ЖАҢАЛЫҚТАР

0 Comments

Добавить комментарий

Avatar placeholder
RSS
Follow by Email