2020 жылдың 18 қарашасы

                 

ТАЛАПХАТ 

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ХАЛЫҚ ТІЛІН ЕРКІН БІЛУІ ШАРТ !

Парламент Мәжілісі мен Мәслихат депутаттары сайлауы қарсаңында Қазақ елінің КСРО құрсауынан әлі шықпаған 1989 жылдан бастап туын көтерген ең алғашқы үкіметтік емес ұйымы – Қазақстанның бүкіл облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент шаһарларында, ірі қала мен аудан, елді мекендерде, мемлекеттік органдарда, ұлттық компаниялар мен жоғары оқу орындарында және Ресей, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Германия, Франция, Польша, Мажарстан, АҚШ, Корея, Жапония сияқты 20-дан астам шет елдерде бөлімшелері мен өкілдіктері ашылған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» еліміздің жоғарғы билігі –
Қазақстан Республикасының Президенті 
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев,                                               
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев,                                                   
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин
және
ҚР Премьер-Министрі
Асқар Ұзақбайұлы Мамин
мырзалардан және аты аталған жоғары лауазымды тұлғалар басшылық ететін жоғары органдарға бағынышты мемлекеттік ұйымдардан – алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Мәслихатының депутаттыққа үміткер болашақ халық қалаулыларынан Қазақстан халқы тілін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуін толық қамтамасыз етуін  қалың көпшілік атынан талап етеміз.

Халық тілінде жұмыс істей алмайтын адамдарды «халық өкілі» деп атаудың өзі – құқықтық нонсенс әрі қарапайым логикаға кереғар дүние.

Қазақстанда көптеген елдердің өкілдерінен құралған бір тұтас ұлт, бір халық – тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ тілі – бүгін тек қана жергілікті мемлекетқұраушы ұлттың тілі емес, ол осы ел азаматтарының дара, баршаға ортақ, жалғыз мемлекеттік тілі.

Тіл – сөйлеу мен жазу құралы ғана емес, тіл арқылы біз елдік мәдениетімізге бойлаймыз, әдет-ғұрпымызды танимыз, айналамызды тамашалаймыз, жерге сүйіспеншілігімізді білдіреміз, отансүйгіштік сезімімізді бойымызға сіңіреміз.

Бүгінгі тілдік ахуалымызға зер салсақ, мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазым иелерінің қазақ тілін тиісті деңгейде білмеуі – мемлекеттік тілдің дамуына ғана емес, мемлекеттік идеологияның бекуіне елеулі кедергі болып отырғаны ақиқат. Келеңсіздіктің алдын алу үшін президенттікке үміткерлер сияқты барша жоғары мемлекеттік саяси қызметкерлер қазақ тілінен емтихан тапсырғаны дұрыс деп есептейміз. Және мемлекеттік қызметке тілді меңгеруі қанағаттанарлық деңгейде болған талапкерлер ғана қабылданғаны абзал.

Осы мәселені сөз бұйдаға салып жүргенімізге жиырма-отыз жылдан астам уақыт болды.

Нүкте қоятын кез келді.

Орыс тілінде даярланған заңдардан бастап, түрлі деңгейде аударылған жарлықтар мен қаулылардың дені сын көтеретін тұрғыда емес екенін тілші мамандар жақсы біледі. Себебі, аударма әрдайым түп нұсқадан лингвистикалық жағынан кемшін тұрады, яғни толыққанды нормаға сай мәтін саналмайды.

Әрине, тілді білмейтін кейбір қатардағы қызметкерлерге белгілі бір мерзім ішінде кезең-кезеңімен білімін толықтырып, бірте-бірте жұмыстарын мемлекеттік тілде атқара бастауға мүмкіндік тудыру қажет. Әкімдіктердің жанында құрылған тіл орталықтарының жұмысы таратқан сертификат санымен емес, нақты нәтижемен бағаланатын болсын. Өйткені біздің, әсіресе, арқа мен солтүстікте өсіп-өніп, білім алған бірталай азаматтарымыздың өз туған тілін білмеуінде, әлбетте, өздерінің де, сонымен бірге мемлекеттің, жергілікті биліктің тікелей кінәсі бар екенін ашық мойындағанымыз жөн. Түрлі деңгейдегі әкім-қаралардың өз жерінде тілдік орта мен қажеттілікті тудыруы, мемлекеттік тілдің жан-жақты қолданылуын қамтамасыз етуі үшін жауапкершілігін күшейткен абзал.

Солай бола тұра, мұндай «жеңілдіктер», яғни мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасау, уақыт беру, сатылап білімін толықтыру – бұлардың бәрінің жоғары саяси мемлекеттік лауазымдарға ешқандай қатысы жоқ екенінің басын ашып айтуымыз керек.

Жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғаның өз елінің мемлекеттік тілін толыққанды білмеуі – нонсенс, жөнсіздік, күлкілі жағдай, ұят нәрсе.

Тіл арқылы адами ұстанымды, азаматтық позицияны қалыптастыратын туған халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпы, рухани болмысы, шежіре-тарихы, дәстүр сабақтастығы мен төлтума менталитетінен жұрдай адам – мемлекет, халық, ұлт атынан өкіл бола алмайтыны дау тудырмас шындық!

Сондықтан басты талабымызды қайталап айтамыз: бізге мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, сол тілде ойлайтын, сапалы жұмыс істейтін, сол тіл арқылы өздерін адам, азамат және ұлт өкілі сезінетін, түйсінетін депутаттар ғана керек! Мемлекеттің, халықтың тілін тиісті дәрежеде білмейтіндер уақытын тілді меңгеруге жұмсасын және басқа мемлекеттік сатыларда жұмыстарын жалғастырып, білімін жетілдірсін.

Бұл – қарапайым және тапжылмас халықаралық практика.Біз білетін өркениетті елдердің бәрінде осы – үйреншікті жағдай. Дамыған елдердің қатарында бой түзейміз десек, өзімізді өзіміз сыйлаудан бастауымыз керек.

Осы бағытта соңғы отыз жылда талай жоспарлар, бағдарламалар жасалды, жарлықтар мен қаулылар шықты. Олардың санын арттырудың қажеті жоқ. Халыққа кезекті сөз, әдемі құжат, жалынды ұран емес, нақты әрекет, нық қадам, саяси шешім керек!

Мемлекеттік жұмыс мемлекеттік тілде іске асырылатын болсын!

Қазақстанда бүкіл мемлекеттік істердің, қызметтердің, жұмыстардың – қазақ тілінде жүргізілуін қысқа мерзімде қамтамасыз етуіміз шарт.

Көрші бір елдің мемлекеттік тілінде ойы мен бойын түзейтін маманнан болашақ Парламентімізде халқымызға пайдадан гөрі зияны басымырақ боларына жұрттың көзі жетіп отырғанына аз уақыт болған жоқ.

Өзін танымаған адам – басқаларды үйрете алмайды.

«Бұрын жағдайымыз болмады» деген жауыр сөзді қайталай берудің қисыны жоқ. «Рухани жаңғырудың» негізгі мақсаты – осындай олқылықтардың алдын алу мен еңсеру екені көзі қарақты қоғам мүшелеріне жақсы мәлім.

Олай болса, ұлттық қауіпсіздігімізді, мемлекеттік мүддені, ел мен жер тұтастығын қара басының қамынан жоғары ұстайтын қазақы, көкірегі ояу, көзі ашық, халық тілін толыққанды меңгерген, мемлекеттік істерді мемлекеттік тілде атқаратын азаматтарымыз ғана Парламент төрінде депутат болуын талап етеміз.

Осы талапхат жарияланған сәттен бастап кез келген азаматтың, мейлі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болсын, мейлі қандай да бір партия немесе қоғамдық бірлестіктің өкілі болсын, мемлекеттік қызметкер, керек болса, халық қалаулысының өзі болсын, үлкен ұлттық немесе шағын жеке меншік компания қызметкері, университет оқытушысы және ғылыми-зерттеу институтының ғалымы болсын, жастар, докторанттар мен магистранттар, студенттер, зейнеттегі үлкендеріміз бен ақжаулық аналарымыз болсын – қалаған адамның осы құжаттың соңында орналасқан дауыс беру тетігін басып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының талапхатын қолдағанын білдіруге мүмкіндігі бар екенін мәлімдейміз.

Халық талабына дауысымызды қосайық, ағайын!

Құрметпен,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы                                                                                                                   

Президенті м.а., ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,                                                                                                                   

филол. ғыл. докторы, профессор

Ерден Қажыбек

 


[zu_forms_vote form=”vote” title = “Талап хат” list = “talaphat-kosylgandar”]

RSS
Follow by Email