Проф. Ғарифолла ӘНЕС:

«ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ ЖАБЫЛСЫН!

МЕКТЕПТІҢ БАРШАСЫ ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ БОЛСЫН!»

(Абай кз сайтындағы «Отыз жыл бойы орыс губернаторының «дегенімен» келеміз» атты мақалаға үн қосу)

Ескіше айтсақ, революцияға, яғни 1917 жылға дейін, қазақ сияқты “бұратана” ұлт өкілдеріне арналған “русско-киргизская туземная школа” болған. Ол тілмаштар дайындайтын, ақ патшаға қызмет істейтін жергілікті жердегі жандайшап атқамінерлер “фабрикасы” болатын. Осы саясат 70 жылдық советтік-коммунистік неоколонизация кезінде жалғасты. Несін айтасыз, отыз жыл бойы осы “аралас мектеп” деген пәлемен алысып келеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Н.Назарбаев: “Мен аралас мектепте оқыдым. Бұл біздің жетістігіміз. Бұдан айырылуға болмайды”, – деп қалып еді. Сол пәле болды. Аралас мектептер қайтадан саңырауқұлақша қаптады. Нағыз ұлттық апат, болашақ жарылар миналардың бәрі осы аралас мектептен шығады. Аралас мектепте оқыған бала “дүбәра” болады, яғни бұрынғы әдейі  ойластырылғандағыдай, “туземный” болады. Туземіңіз әйтеуір қазақ емес, қазақстандық емес, өмір бойы Мәскеуге қарап мөңірейді де отырады.

Мен Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының басшыларының бірі ретінде осы отыз жылда аралас мектепке қатысты жоғары билікке қарата жазылған жүздеген ашықхатты, мақалаларды осы сайтқа сала аламын. Бірақ одан не пайда? “Баяғы жартас, бір жартас…”. Қайран сөзің қор болған соң, қазір бір-ақ нәрсе қалды. Ол намысқа күйіп, асылу өлу ғана! Басқа қандай жол бар, айтыңыздаршы, ағайын. Мемлекеттік тіл туралы бос сөзден, есекдәмеден, құрғақ уәдеден, құр қиялдан шаршаған жоқсыздар ма? Не төменде, не жоғарыда бір ұлтшыл, намысты, Махамбет текті бір адам жоқ қой. Қазақ тілді журналистердің бәрін баяғы заман болса, бетіне күйе жағып, есекке теріс байлап жіберуге болар еді… Неге дейсіз бе?

Биыл – 2020 жыл. Дұрыс па? Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Шынымен бе? 1987, мүмкін 1988 жыл ма, әйтеуір ертеректе, Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөліміндемін. Орталық Комитеттен хат па, хабар ма келді. Тарихта бірінші рет (жылдан шатыссам, көзі тірі ағайындар түзей жатар) “Вечерняя Алма-Ата” газетінің қазақ тілінде қосымшасы (әлде жеке газет?!) шығады. Соған ат таңдау керек. Әуелі бөлім, одан Институт ұлтшылдары түгел қауқылдасып, қуанысып осы күнгі “Алматы ақшамы” дегенге тоқтағанбыз. “Ақшам” – діни сөз деп қауіптенгендер болды. Анықтама жазуға қатысқан менің осы екі сөздегі “а – а – ы дауыстыларының қайталанып келуі қандай жарасымды” деп жазғаным есімде… Бар ойымыз жоғарыға жалынып, компартияның ОК-не жалпақтап, тарихта бірінші рет астанамызда қазақ тілінде газет (мүмкін қосымша) шықса екен деген бейшара тірлік ғой… Бұны неге айтып жатырмын, неге асылып өлу керек, оған “Алматы ақшамының” қандай қатысы бар деп отырған шығарсыздар. Тікелей қатысы бар.

2020 жылдың басынан қазақ тілді ақпарат айдынында ойып өз орнын алған, әсіресе ұлтшыл (ұлтжанды дегенді естісем жылағым келеді, итжанды дегендей…) азамат Қали бауырымыз басшы болып келген соң қайта түлеп, құлпырған “Алматы ақшамы” газеті бүгінде ЖОҚ!!! Аты бар да, заты жоқ! Оны қайтадан “Вечерняя Алматының” қосымшасы қылып қойған. Міне, саған Тәуелсіздік!.. Міне, саған Мемлекеттік тілге қысастық!.. Жазушылармен сан жүздесіп, уәдені үйіп-төккен әкім Б.Сағынтаевтың “жаңашылдығы”, “креативті шешімі”… Айтарға сөз жоқ!

Рас болса, Америкада белгісіз бір зәңгіні өлтіргені үшін 30 қаласы түп көтеріліп, у-шу болып жатса керек. Ал біздің Б.Сағынтаев мырза 2 млн халқы бар, қаншама қазақ оқырманы бар, тіптен күллі 19 млн халықтың Мемлекеттік тілін қорлап отыр ғой… Ақша үнемдегісі келсе,  неге “Вечерняя Алматыны” “Ақшамның” қосымшасы қылмайды. Шынымен де “Вечерканы” оқитындар бәйбішеден, ал біздер, “Ақшамға” жазылған оқырмандар тоқалдан тудық па? Әлде баяғыдағыдай, ОК-ке жалынғандай Б.Сағынтаевтың аяғына жығылуымыз керек пе? Баяғы таз қалпымызға қайтып келдік пе?!.

Менің білуімде, бұндай сорақы шешім қабылдап отырғандар – жаңағы айтқан “аралас мектептің” дүбәралары. Орыс мектебін бітіргендер ондайға бармайды, өйткені олар басқа кеңістікте, “Русский мирде” өмір сүреді. Оларға қазақтың тірлігі, тілі бес-ақ тиын, ол туралы ойланып, бас қатырмайды да. Құрметті (бейшара) қазақ тілді журналистер! Сіздерден өтініш – менің осы жанайқайымды сөздерің, аяқтарың жеткен жерге таратсаңдар. Блогер бауырлар, Сіздерге үміт зор. Әлеуметтік желіміздің барлығы рас болса, жазыңыздар.

Жылда қыркүйек айында «Қазақ мектебі жабылсын!» деп жар салғымыз келеді. МЕКТЕП!!! Қазақстан мемлекетінде бір-ақ мектеп, мемлекеттік тілдегі мектеп болсын! Барлық мектептер, қазақ, аралас, орыс тілді мектептер жабылсын!!! (Қазақ тілі мен мемлекеттік тіл бір нәрсе, бір ұғым деушілердің көздеріне топырақ құйылсын!). Алдымен бастауыш мектептер, ол мүмкін болмаса 1 және 2 сынып түгел мемлекеттік тілге көшсін, әрі қарай жыл сайын сатылап екі сыныптан ауысып отырсын, бұл реформа сонда 5-6 жылда бітеді. Сонда ғана біз 2025-те мемлекеттік тілді білушілер саны – 100 пайыз деген межеге маңайлаймыз. Ал ЕКІНШІ мектеп мемлекеттік емес, яғни ақылы болсын! Онда шүршіт тілін оқыта ма, ағылшын, қытай тілін оқыта ма, өздері білсін. Бізде біреуге бірдеме айтсаңыз, Конституцияда жазылған, әркімнің өз еркі, қай тілде оқытса да өзі біледі деп шыға келеді. Шындығында әрбір Қазақстан азаматы өз ұрпағын мемлекеттік тілде оқытуға толық құқы бар, мемлекеттік тілге артықшылық беру Ата Заңға қайшы келмейді. Сол бебепті ешбір тілге, соның ішінде қазақ тіліне де артықшылық беруге болмайды. Мемлекетте тек мемлекеттік тілге ғана артықшылық берілуі заңдылық.

Барша тіл жанашырлары, “Қазақ тілі” қоғамының мүшелері! Тілдің табанға түсіп тапталуы да, мәртебесі өсіп, төрге озуы да, Сізге байланысты. Ойлан, ҚАЗАҚ!!!

 

 

 

 

 

Please follow and like us:
Pin Share
Categories: ЖАҢАЛЫҚТАР

0 Comments

Добавить комментарий

Avatar placeholder
RSS
Follow by Email