Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Түркиядағы белсенді мүшесі, ғалым, ақын Мұхтархан Оразбайдың “Қағазда қалды ойларым” өлеңі.
ҚАҒАЗДА ҚАЛДЫ ОЙЛАРЫМ
Күйбең орта,күйкі өмір,
Ағылып жатыр тіршілік.
Адамдар әуре,қам көңіл,
Ойларым қалма,тұншығып.
Ойланып тағы отырмын,
Адамзат күйін шын бағып.
Ақылды жырды шақырдым,
Кетіп жатыр шыңға алып.
Көр кеудеге шам жағып,
Ойларым от боп жанады.
Бейуазды жүрген сандалып,
Аяйды,соны табады.
Мұңлының сүртіп көз жасын,
Ой салар сырым мұңдасып.
Жүректі жыртып жазған соң,
Көміліп қалмас шаң басып.
Пенделер үшін күйініп,
Басыма ой саламын.
Үқса екен,мұны,түйін ғып,
Өсиеті деп данамның.
Басқаға,шіркін,шыдармын,
Ойларға,әсте шыдам жоқ.
Ойланбасам,құлармын,
Ойдан,басқа,халім жоқ.
Миды түгел кеуелеп,
Сансыз сұрақ мазалар.
Жауабы міне,келді деп,
Ойымды ойлар тазалар.
Толғанудың түбінен,
Түпсіз сырлар тергенім.
Батамын ойға түнімен,
Сауалға жауап бергенім.
Үңіліп кетем,кейде бір,
Жалғыз ноқатқа телміріп.
Кіріп тұңғиық күйге сыр,
Аламын сезімді өлтіріп.
Теріме симай ісініп,
Қалшылдап бір булығам.
Жауабын тауып кешігіп,
Саламын пышақ буыннан.
Тітіреп дел-сал долданып,
Ізденем толассыз жұлқынып.
Ойым да толқын жал алып,
Тастайды сыйын толтырып.
Ойым мен қиял астасып,
Көтеріп көкке кетеді.
Қуалап жетіп бас салып,
Көксегеніне де жетіді.
Сарылып күткен кісідей,
Алдымды ойлар орайды.
Қалмадым бәрін түсінбей,
Ұстадым мықтап орайды.
Ойлар мені есейтіп,
Ұйқыны мүлдем қашырды.
Ақыл мен жырға төселтіп,
Даңқымды таудан асырды.
Ой меңдесе,қуанам,
Аралап кетем бақшасын.
Қайғырсам,оймен уанам,
Алмадым аcылдан басқасын.
Оймен көшіп барамын,
Бұлт арласқан шыңдардан.
Ойларым,емі жараңның,
Шипасы табылып,жан қалған.
Ұйқысыз өткен түндердің,
Ұйтқысы қалды қаламмен.
Ұйқысын ашса кімдердің,
Айтып жүрсін “таптым ем!”.
Ой шаршамас,ұлы ағын,
Есейтті мені,ер етті.
Тынбаған ақыл бұлағым,
Ғасырлар бойы тербелтті.
Ойларым төгілді қағазға,
Жарқырап жатыр,оқыңдар.
Жырларым қалар назарда,
Есіңе түссе,тоқыңдар.
МҰХТАРХАН ОРАЗБАЙ
Please follow and like us:
Pin Share
Categories: ЖАҢАЛЫҚТАР

0 Comments

Добавить комментарий

Avatar placeholder
RSS
Follow by Email