«Қазақ тілі» қоғамы, халықаралық қазақ тілі қоғамы — қазақ тілін, мәдениетінәдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым.

1989 жылы Алматы қаласында өткен 1-құрылтайда құрылды.
Онда «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, міндеттері айқындалды. «Қазақ тілі» қоғамыда өз жұмысын ҚР Ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы Заңы, өзінің Жарғысы және халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді.

«Қазақ тілі» қоғамының республикада және одан тыс жерлерде де бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санкт-Петербург, Саратов, Волгоград қаласында, МоңғолияТүркия, Қарақалпақстан, Түркіменстанда және т.б. елдерде «Қазақ тілі» қоғамыныңның бөлемшелері бар. Сондай-ақ ФранцияШвеция, Америка, Қытайда тұратын отандастарымыз «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болып табылады.

1992 жылы 26 қарашада Алматыда республикалық «Қазақ тілі» қоғамының
2-құрылтайы болып өтті. Оған еліміздің президенті Н.Ә. Назарбаев арнайы қатысып, сөз сөйледі. 2-құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебеге иеленді. Соған сәйкес өзінің жаңа Жарғысын қабылдап, әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстар жайын айқындап алды. Жоғарыда аталған мемлекеттік тілге байланысты алуан түрлі шаралар 2-ші және 3-ші құрылтай аралығында да үздіксіз жүргізіліп отырды, әсіресе 1993, 1994, 1995 жылдары Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Семей, Талдықорған, Шымкент қаласында көшпелі мәслихаттар өткізіліп, нақты шаралар белгіленіп отырды. Мұндай мәжілістер жергілікті жерден қолдау тауып қалалық, аудандық бас қосулар өтті.

1996 жылы 21 қарашада Алматы қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 3-құрылтайы өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйымдар жөніндегі заңға сәйкес республикалық мәртебеге ие болып қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды. Осыған орай Жарғы да қайта түзіліп біраз жаңалықтар енгізілді. Әділет министрлігінің талабына лайықты жазылған Жарғыда атап көрсетілгендей, бұдан бұрынғы жерде барлық облыстар, халықаралық, аудандық ұйымдар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшілері болып саналды да, түскен қаржы-қаражаттар бір орталыққа шоғарландыру арқылы жұмсалатын болды.

2004 жылы 11 қарашада Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 4-құрылтайы өтті. Онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл және алыс-жақын шетелдердегі ұлты қазақ отандастарымыздың ана тілі болып табылатын қазақ тілінің мәртебесін арттыру, ХХІ ғасырдың бүгінгі жаһандану кезеңіндегі оның болашағын айқындау мақсатында қаулы шығарды. Қаулыда қазақ тілінің мәртебесін барынша кеңейту, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «Тіл комитетін» құру, Тіл туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Қазақ тілі» қоғамының негізгі тірегі болып табылатын бастауыш ұйымдарды құру және т.б. мәселелер көтерілді.

2011 жылы 22 қыркүйекте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 5-құрылтайы өтті. Бұл Құрылтайда Үкіметке бірнеше ұсыныстар жасалынды. Атап айтқанда, шетелдегі қандастарымызға ана тілі мен ата дәстүрінен қол үзбейтіндей жағдайды қарастыру бағытында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының үйлестіруімен «Қазақ тілін үйрету» орталықтары» желісін ұйымдастыру, Заң жобаларын бірден қазақ тілінде дайындау қажеттілігі, мемлекеттік мекемелердегі қазақ тіліндегі іс қағаздарының сапасы арттыру, қорыта келгенде, Қазақстан Үкіметіне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен арнайы Меморандум жасасып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы, ұлттық компаниялардағы  мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының сапасына қоғамдық бақылау жасау, оларға лингвистикалық-әдістемелік көмек көрсету өкілеттігін беруді ұсынды.

Бүгінгі таңда ұйым өзінің халықаралық қоғам деген атын сақтап қалды. Қазір бұл бұқаралық ұйым республикада орын алып отырған жаңа жағдайға өз жұмысын мүлде жаңаша бағытта жүргізуді көздеп отыр. Мысалы, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеретін нақты іс-шараларды белгілеп, оларды орындауға кірісті. Осыған сәйкес тиісті мамандарды тарту арқылы түрлі оқу-әдістемелік құралдар, мемлекеттік тіліміздің ғылыми-теориялық әрі практикалық мәселелерін көпшілікке түсіндіретін еңбектер жазып, лекция-дәрістер жүргізу, ғылыми-практикалық конференция, семинар-кеңестер өткізу тәрізді шаралар қолға алынды. Сонымен бірге Қоғам бұрынғыша барлық жерде мемлекет тіліміздің әрі жақтаушысы, әрі бақылаушысы болып қала бермек.

 


Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының негізін қалаушылар – Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында  дүниеге келген. 1989 жылдың 20-21 қазанында тұңғыш Құрылтайда Республикалық “Қазақ тілі” қоғамы құрылды және президенті ретінде Ә.Т.Қайдарды сайлады. Қазақ тіл білімінің аса көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның “Dil Kurumu” лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәлі Туғанбайұлы саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнаған.
2019 жылдың 27 ақпанында өмірден озды.


Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Айтбайұлы Өмірзақ 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданы Балтакөл ауылында туған. 1989 жылы қазан айында өткен Құрылтайда Республикалық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті етіп сайланса, 2004 жылдың 11 қарашасынан өмірінің соңына дейін Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті болды. 1998 жылы және 2005 жылы ҚР Орталық сайлау комиссиясы құрған лингвистикалық комиссиясының мүшесі ретінде ҚР Президенттігіне үміткерлерден емтихан қабылдады.
Ана тілдің абызы 2020 жылдың 9 қаңтарында дүние салды.


 

RSS
Follow by Email